ISSN 1991-3087
Рейтинг@Mail.ru Rambler's Top100
Яндекс.Метрика

НА ГЛАВНУЮ

Развитие у детей представлений о размере, форме и массе предметов

 

Тазабекова Ардак Сергазиевна,

Казахский национальный педагогический университет им. Абая.

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың нәрсенің өлшемі, формасы және массасы туралы түсініктерін дамыту

 

Тазабекова А.С.

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің аға оқытушысы.

 

Қазақстан Республикасы азаматтарының білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған «Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға; дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау», - деп атап көрсетілген [1].

Бастауыш білім беру сатысы - үздіксіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен сабақтаса отырып, жеке тұлғаны қалыптастыратыны, келешекке жолдама беретін негізгі буын болып табылады. Бастауыш саты - мектепте білім берудің алғашқы сатысы, яғни бастауыш білім беру арқылы жалпы орта білімнің келесі сатысына дайындау мақсаты жүзеге асырылады. Ал сол бастауыштың алдындағы, яғни үздіксіздік пен сабақтастықтың алғашқы баспалдағы боп балабақшаның тұрары сөзсіз. Сондықтан болашақ бастауыш мектеп оқушыларын дайындау осы балабақшадан бастау алатыны айқын.

Қазақстан дербес мемлекет ретінде тәуелсіздігін алғаннан бері қоғам дамуының қазіргі талаптарынан туындап отырған міндет пен мақсаттарға орай өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру мәселесін жан–жақты жетілдіруді қажет етеді. Әрине, бұл білім беру жүйесінің барлық буындарына, соның ішінде мектепке дейінгі буынға, зор жауапкершілік жүктейді. Өйткені, білім мен тәлім негізі - мектепке дейінгі ұйымдарда қаланбақ. Осы міндетті шешу барысында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі қарапайым математикалық түсініктер қалыптастыру пәнінің де алатын орны ерекше екеніне сөз жоқ. Бұл бағытта істеліп жатқан іс-шаралар да аз емес, атап айтсақ: мектепке дейінгі мекемелерде оқытудың мемлекеттік стандарты, бағдарламалары жасалып, соларға сәйкес төлтума оқу-әдістемелік кешендер жазылуда. Осындай мәселелердің дұрыс шешілуі тәрбиешілердің теориялық білімі мен кәсіби мамандығының деңгейіне байланысты екені даусыз. Осы орайда, балалардың мектепке дейінгі математика курсында кездесетін өлшем, форма және масса туралы түсініктерін дамытудың кейбір ерекшеліктеріне тоқтала кетейік.

Нәрсенің өлшемі, формасы және салмағы, бұлар оның қасиеттері бола тұрып, алуан түрлі анализаторлар: көру, сипап сезу, бұлшық ет арқылы қабылданады. И.М. Сеченов обьектілердің (кеңістік, уақыт, орын ауыстыру) қасиеттері рецепторлық аппараттардың қозғалыс процессінде өзгермей қайталанады деген болатын. Егер де нәрсе тура біздің жанымызда тұрса, біз оның өлшемін, формасын сипап сезіп немесе көріп барып қабылдаймыз. Алайда алыста тұрған нәрселердің өлшемі мен формасын көріп қабылдау бір қатар шартқа байланысты, олар: нәрсенің қабылдаушы адамнан қандай қашықтықта тұрғандығы, нәрсенің тұрған қалпы (көру бұрышы бірдей болғанда оның горизонталь немесе вертикаль қалыпта тұруы); екі нәрсені қабылдау және салыстыру олардың қабылдаушы адамнан бірдей немесе әр түрлі қашықтықта тұрғанына байланысты.

Қашықтықта тұрған нәрсені көріп қабылдауға тек көру ғана емес, сонымен қатар көздің бұлшық еттерінің қимылы да қатысады.

И.М.Сеченов өзінің «Сезім мүшелерінің физиологиясы» және «Мидың рефлекстері» деген еңбектерінде нәрсе өлшемін қабылдаудың перифериялық механизмі деген көздің тор қабығында пайда болған кескін өлшемі мен көздің бұлшық еттерінің жиырылуы екеуінің заңды өзара әрекеті болмақ. Нәрсенің өлшемі белгілі бір көру бұрышымен көру осьтері сәйкес түрде түйіскенде барып қабылданады, ал осьтердің осылайша түйісуі бұлшық еттер сезімімен шамаланады. Көру бұрышы шамасының өзгеруі нәрсенің қандай бір өлшемінің торқабыққа түскендік белгісі болмақ. Алайда тор қабыққа түскен кескінге қарап нәрсенің өлшемі жөнінде ештеңе айта алмаймыз, өйткені қабыққа түскен кескін нәрсенің тұрған қашықтығына байланысты. Нәрсенің өлшемін көріп айыру көру анализаторлары бөліктері-көздің тор қабығы мен оны қимылдататын бөлігі- көздің бұлшық еттері арасындағы қабықтық байланысты тағайындау арқылы орындалады, ал бұлшық еттер болса, тұрған қашықтығына қарай нәрсені қабылдауға көзді икемдеп отырады.

Сонымен, нәрсенің шамасы (басқа, кеңістік белгілерін қабылдағандай) қабылдау көздің қимылымен орындалады. Сондықтан бұлшық ет сезіміне И.М. Сеченов ерекше роль беріп отыр.

Бұлшық ет сезімі арқасында көз де, қол сияқты, нәрсені «сипап қарап шығады». Ол өлшеуіш құралы қызметін атқарады. «Өлшеуіштер» қызметін қимыл нәтижесінде пайда болатын түйсіктер атқарады. Аталмыш өлшеуіштер, қимылдамайтын көз атқара алмайтындай, нәрсені ыдыратып та әрі жинақтап қабылдауға септік жасайды. Бұл тұрғыда И.М.Сеченов былай жазған: «Кеңістік көрінісі деген өзінің ең алғаш дамуынан бастап өлшемдік көрініс болмақ».

Көз қимылының бағыты ненің қабылданатынына байланысты өзгеріп отырады, мысалы: ұзын не биік, кең не жуан, үлкен не кіші нәрсе болуы мүмкін. Өлшем қабылдауды дамыту процесінде нәрсені қолымен сипағанда пайда болатын түсініктер де маңызды роль атқарады. Алайда жаттығу процесінде тор қабықта пайда болған кескін мен көздің бұлшық еттері проприорецептор арасында, бір жағынан, уақытша байланыс тағайындалады, мұның нәтижесінде кейініректе, сипап тексеріп көрмей ақ, нәрселерді көріп қана өлшемі жағынан салыстыру мүмкін болады. Өлшемді қабылдау механизмі ересек адам мен балаларда бірдей болып келеді. Алайда балада бұл механизм әлі дұрыс қалыптаспаған. Балада ішкі анализаторлық және анализатораралық байланыстардың күрделі жүйесі қалайша қалыптасады? Ал жаңа туған нәрестенің тор қабығы құрылысы жағынан бірдей екендігі жақсы белгілі, сондықтан нәрсенің оған түсіретін кескіні ересек адамдардағыдай болады. Бірақ, жоғарыда атап айтқанымыздай, тек сол тор қабықта пайда болған кескінге ғана негізделіп қабылданатын нәрселердің шамасы жөнінде пікір айтуға болмайды. Ал бала болса, бастапқы кезде қарай білмейді, яғни екі көзінің көру осьтерін бір нүктеге қадап және де екі көзін бір нүктеден екінші нүктеге аудара алмайды. Басқаша айтқанда, бала әзір көру анализаторының қозғалғыш бөлігін әлі де болса меңгере алмайды. Ондай ептілік тәжірибе жинақтау барысында қалыптасып әрі дамитын болады. Тәжірибесі жеткілікті болмағандықтан, кішкене балалар нәрсенің өлшемдері жөнінен жалған қорытынды жасайтын жағдайлар жиі кездеседі, өйткені олар жөнінде тор қабыққа түскен кескіннің өлшемдеріне қарап пайымдайды.

И.М. Сеченов балалардың нәрселерді өлшемдеріне қарап айыра білуін және тиісті анықтама бере білуін қалыптастыратын тұста қабылдау процесіне енетін сөздің ролін атап айтқан. Өлшемдерді әр түрлі нәрселерді және оның әр түрлі қашықтықта тұрған бөліктерін бірнеше рет қабылдағанда осы қабылдаулардың, нәрселердің атауымен және олардың өлшемдерін байланыстыра отырып, бала оларды салыстырып, атап үйренеді, ненің үлкен, ненің кіші екенін анықтайтын болып үйренеді. Нәрселердің әр түрлі өлшемдері жөнінде, бүтін және оның бөлшектері жөнінде осы аталған ұғымдары сипап сезіп түйсіну жолымен де айқындалады, ал ол түйсіктер сол ұғымдарды қабылдау процесінде көру түйсігімен ұштасып жатады. И.М. Сеченов былай деп жазды: «Бала көру сфераларының, тұтас нәрсенің және оның бөлігінің кескінімен тор қабығы жабылатындай, саны арасындағы айырмашылықты таба білуді үйренді. Енді бала оның тор қабыққа суреті түскен әр бөлек екі нәрсені шамасы жағынан, әрине, айыра алады, кескіні үлкен орын алып жатқан нәрсе үлкен болады және керісінше» [2].

Сонымен, И.М. Сеченов өлшемдерді қабылдаудың көру негізіне алынатын күрделі шартты рефлекс біртіндеп, ұзақ уақыт тәжірибе жинақтау жолымен қалыптасады деп түсіндіреді. Бұл тәжірибе баланың жас кезінде өлшемдерді қабылдағанда бала өзі ойнайтын ойыншықтар мен нәрселерден алған көру, сипап сезу және бұлшық ет - такт түйсіктерінің арасындағы байланыстармен тағайындалады. Оның қабылдау жөнінде сезімнен туған тәжірибесі және де өлшемдерді шамалап білуі біртіндеп қалыптаса бастайды.

Мектеп жасына дейінгі үш – жеті жасар балалар өздеріне таныс көптеген нәрселердің өлшемдерін айыра алады. Үш – төрт жасар балалар үлкен допты не болмаса ұзын таяқты әкел дегенді дұрыс түсінеді. Олар бұл сөздерді ашық айтпағанымен, іштей біледі, сондай–ақ ұзындық параметрлерінің айырмашылығы жөнінде де түсінігі болады. Балалар ересек адам мен баланың фигурасын алыстан – ақ ажырата алады. Міне, осының барлығы өздері көптеп тәжірибе жасап жүрген нәрселердің өлшемдерін қабылдау тұрақтылығы жөнінде әңгімелейді. Кішкене балаларда өлшемдер туралы ұғымның шағын сипатты болатындығын ескере отырып, олардың тәжірибесінде өлшемдері алуан түрлі болып келетін бірдей нәрселер ғана ұшырауын қамтамасыз ету қажет.

И.М.Сеченов көрсеткендей-ақ, нәрсенің өлшемдерін қабылдауда нәрсе ұзындығының қандай бір белгісін білдіретін сөздің атқарар ролі үлкен. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін үлкен – кіші деген сөздер қабылданатын өлшемнің толық анықтамасы болмақ. Нәрсенің ұзыны не ені, биіктігі не қалыңдығы өзгере ме немесе бірден бірнеше өлшемі өзгере ме – бұлардың барлығын да балалар үлкен – кіші, артық – кем деп қана түсінеді. Төрт жасар балалардың іштей айтатын сөзінде өлшем деген сөз мәнісінің түсінігі болмайды. Көріп тұрған лентаның, мұнараның, кітаптың өлшемі қандай деген сұраққа төрт жасар балалардың көпшілігі жауап қайыра алмаған. Олар: «Өлшем дегені қалай?» - деп таңырқап сұрапты. «Мен оны түсінбеймін», - депті. Сұраққа жауап бере отырып, олар өздеріне көрсеткен нәрселердің түсін, олардың санын атаған, бірақ өлшемін атамаған.

Балаларды ұзындықтың алуан түрлерімен таныстырағанда тәрбиешілер өзінің айтып тұрған сөзінің дәл мәнісін ескере бермейді және ұзындық параметрлерінің дәл атауының орнына үлкен – кіші деп жиі айтып жүреді. Нәрселердің өлшемдерін салыстырғанда тіпті тапсырманың өзін дұрыс тұжырымдап айтпайтын жағдайлар да кездеседі. «Ұзындығы (ені т.б.) сондай нәрсені тауып көрсет» деудің орнына тәрбиеші былай дейді: «Осымен бірдейді көрсет». Ал нәрсе дегеннің көптеген білгісі болғандықтан, бала ол тапсырманы өзінің білетін белгісіне лайықтап қана орындайтын болады. Бірдей деген көп мәнді сөз, сондықтан ол – тәрбешінің ойын ашып көрсете алмайды. Солай бола тұра, перцепциялық іс - әрекетке дәл сөз енетін болуы тиіс, әрі ол – ұзындықтың қай түріне болса да сәйкес ұғым қалыптастыруға септігін тигізетін болуы тиіс. Осындай дәл мәнді сөз айтылмағанда балалар әдетте және әрі қарай да тапсырма алғаш рет айтылған деңгейде қала береді[3].

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.                  Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, Ақорда, 2007ж.

2.                  И.М.Сеченов. Физиология органов чувств, Спб., 273б.

3.                  А. М. Леушина. Мектеп жасына дейінгі балаларда элементар математикалық түсініктерді қалыптастыру. Алматы, «Мектеп» 1982ж.

 

Поступила в редакцию 31.05.2013 г.

2006-2019 © Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов.
Все материалы, размещенные на данном сайте, охраняются авторским правом. При использовании материалов сайта активная ссылка на первоисточник обязательна.