ISSN 1991-3087
Рейтинг@Mail.ru Rambler's Top100
Яндекс.Метрика

НА ГЛАВНУЮ

Использование компьютерной технологии на уроках математики начальных классов

 

Астамбаева Жупат Канапьяновна,

старший преподаватель кафедры теории и методики дошкольного и начального образования Казахского национального педагогического университета им. Абая.

 

Бастауыш сыныптың математика сабақтарында компьютерлік технологияны қолдану

 

Астамбаева Жупат Канапьяновна,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, Алматы қаласы, Қазақстан.

 

Қазақстан Республикасындағы оқу мен тәрбие жүйесіндегі қазіргі заманғы талаптарға сай білімді ақпараттандыру мен компьютерлендіру тенденциясы қарқындап дамып келеді. Мұны Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында қазіргі замандағы білім беру жүйесінің жаңа технологияларымен қамтамасыз етілуі міндеттелгендігінен байқауға болады [1].

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Электрондық оқыту жүйесінде қолданылатын электрондық оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді (бұдан әрі – ОӘК) жасауға арналған талаптар, жүйені қолданушылардың жеке және ұжымдық жұмыстарының регламенті, техникалық регламент (электрондық оқыту жүйесін сүйемелдеу және қолдану) әзірленетіні және бекітілетіні» айтылады. Сонымен бірге, осы құжатта «оқу процесіне автоматтандыруды енгізу үшін әрбір білім беру ұйымы қажетті жабдықтармен жарақтандырылатын болады: компьютердің жаңа түрлерімен, КЖИ-мен қамтамасыз ету және т.б» мәселесінің көтерілгені мектептерге мемлекет тарапынан ерекше мән беріліп жатқанын байқауға болады [2].

Қазіргі уақытта компьютерді бастауыш сыпыптардың информатика пәнін оқыту үдерісінде қолдануда ғана емес, басқа да оқу пәндерін оқытуда пайдаланудың жақсы нәтижелер беретіндігін дәлелдейтін біршама еңбектер, диссертациялық зерттеулер бар. Аталмыш мәселенің теориялық жағы ресейлік ғалымдар И.В.Апатова, В.С. Гершунский, В.А. Кальней, А.П.Ершов, В.М.Монахов, А.А.Кузнецов, И.В.Роберт, Н.Ф.Талызина және тағы басқа зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылған.

Бұл ғалымдар өз еңбектерінде компьютерді оқу құрал-жабдығы ретінде пайдалануға тоқталады, бұл өз кезегінде көрнекіліктің тиімділігін арттыру, дерексіз математикалық ұғымдарды меңгеруді жеңілдету, оқу іс- әрекеттерін жекелендіру арқылы оқушылардың белсенділігін арттыру т.б. мәселелерді нәтижелі шешуге болатындығын көрсетеді.

Қазақстандағы жалпы білім беретін мектепке ақпараттануды енгізуде және компьютерді оқу-құрал жабдығы ретінде пайдалану мәселесімен Ж.А.Қараев және оның шәкірттері айналысқан. Математиканың жеке тақырыптары мен бөлімдерін компьютерді пайдаланып оқыту мәселесін Т.Ж.Байдильдин (алгебра және анализ бастамаларын оқыту тиімділігін арттыруда), Н.И.Аманжолова (жалпы математиканы оқытуда компьютерлік технологияны қолдану), Р.Б.Бекмолдаева (бағдарлы мектептерде туынды тақырыбын оқытуда), Р.С.Шуақбаева (көпжақтарға берілген есептерді шығаруда), А.Ө.Байдыбекова (бастауыш сынып математикасын оқытуда) зерттеген.

Бастауыш сыныптың математикасын оқыту барысында дербес компьютерді қолданудың маңызы зор. Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушыларың көпшілігі ерте бастан-ақ компьютерлік ойын ойнап, электронды ойындармен өте жақсы таныса бастайды. Сондықтан бастауыш сыныптың математика сабақтарында компьютерлік технологияны қолдану мүмкіндіктерін қарастыру кіші мектеп жасындағы оқушылардың өмірлік тәжірибесін, олардың даму ерекшеліктерін, пәнге деген қызығушылығын арттыру кезінде үлкен маңызға ие болады.

Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «Компьютерлік технология (Компьютерная технология; computer technology) – компьютерлік өңдеу базасындагы ақпараттық технология» деген анықтама берілген [3].

Оқытудың компьютерлік технологиясымәліметтерді компьютер көмегімен даярлау және беру әрекеттері (Д.Ш.Матрос, Д.М.Полев, Н.Н.Мельникова) [4].

Компьютерлік технология дегеніміз – ақпараттарды автоматты түрде өңдейтін ақпараттық және бағдарламалық жабдықтардың жиыны. Компьютерлік технологияны мұғалім қосымша материалдар ретінде де, әр түрлі анықтамалық мәліметтерден ақпараттар берудің көрнекі құралы ретінде де пайдалана алады. Мұндай мәліметтер оқытылып жатқан пәннің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты әр қилы формада болып келеді. Мысалы: математика пәндерінде бұл мәліметтердің қатарына математикадан амал алгоритмдерін, геометриялық шамалардың өлшем бірліктерін, кестелерді т.б. жатқызуға болады.

Бір сөзбен айтқанда, компьютерлік оқыту технологиясы – бұл компьютер арқылы жүзеге асырылатын ақпаратты дайындау және оны білімгерге беру үдерістері. Себебі есептеуіш техниканың қарқынды дамуы мен жаңа ақпараттың бағдарламалық құралдардың жасауы негізінде компьютердің қолдану саласы кеңейеді. Білім беру мақсатына қарай компьютерлік оқыту технологиясы оқу үдерісін қазіргі заман талабына сай жаңа сапалы бағытта кешенді түрде өзгертеді.

Оқытудың компьютерлік технологиясы педагогикалық оқыту технологиясының құрамды бөлігі болып табылады. Компьютерлік технология белгілі бір педагогикалық технологияның оқу үдерісіне енгізілуде қолайлы жағдай жасайды, оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыруға, оқыту үдрісін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Бастауыш сыныптарда компьютерлік технологияның мынандай құралдар арқылы жүзеге асырылатыны байқалады:

 

Сурет 1. Компьютерлік технологияның құралдары.

 

Суретте көріп отырғанымыздай (1-сурет), бастауыш сыныптарда компьютерлік технологияның бір құралы – электронды оқулықтар. Соңғы жылдары бастауыш сынып оқушыларына берілетін білім мазмұнын электронды энциклопедиялар, электронды сөздіктер түріне айналдыра қолдану тәжірибеде жиі кездеседі. Электронды оқулықта 1-суретте келтірілген компьютерлік технология құралдарының ғаламтор желісінен өзгесінің барлығын көруге болады.

Бастауыш сынып мұғалім өз жұмысын ұйымдастыруда, атап айтсақ, жаңа материалды түсіндіру, оқушылардың білім деңгейлерін анықтау, тексеру кезінде компакт-дискілер, анимациялы слайд-фильмдер, компьютерлік бағдарламаларды жиі қолданады, ал ондағы материалдарды интерактивті тақта арқылы демонстрациялайды.

Қазіргі таңда бастауыш сыныптың математика сабақтарында Т.Қ.Оспановтың жекетшілігімен дайындалған 1-3-сыныптарға арналған электронды оқулықтар шығарылды. Оның ішіндегі үшінші сыныпқа арналған электронды оқулық оқушыға ойын арқылы өз білімдерін тереңдете отырып, өз бетімен жетістікке жетуге ынталандырады, білімін толықтыруға септігін тигізеді.

«Математика» пәні бойынша 3-сыныпқа арналған электронды оқулық Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен мектеп оқу бағдарламасына сәйкес жасалған. Оның мазмұны модульдік технология бойынша құрылған. Оқулықта 8 модуль берілген. Олар:

1-модуль. Кестелік көбейту.

2-модуль. Көбейту мен бөлудің қасиеттері.

3-модуль. Көбейту мен бөлудің ауызша тәсілдері

4-модуль. 1000 көлеміндегі сандарды жазбаша қосу мен азайтудың тәсілдері.

5-модуль. Көбейту мен бөлудің жазбаша тәсілдері.

6-модуль. Есеп және оны шешу.

7-модуль. Алгебралық материал.

8-модуль. Геометриялық материал.

Әр модульде бірнеше тақырыптар беріледі. Алдымен оқушыларға түсіндірме ретінде белгілі бір тақырыптың дыбыстық сүйемелдеумен анимациясы беріледі де, материалмен танысқаннан кейін тапсырмаларды орындау көзделеді. Тапсырмалар оқушылардың оқу-танымдық қабілеттерін арттыруға бағытталған. Әрбір модуль материалдары қарастырылып біткеннен кейін оқушылардың оқу материалын игеру деңгейін анықтауға арналған тест тапсырмалары беріледі [5].

Бастауыш сыныптың математика сабақтарында компьютерлік технологияны қолдану мәселесін зерттеу барысында төмендегідей қорытындылар жасауға болады:

·                   Бастауыш сыныптың математика сабақтарында оқушылардың іс-әрекетін басқарудағы компьютерлік технология құралдарының орны, рөлі мен атқаратын қызметі зор.

·                   Компьютерлік технологияның бастауыш сынып оқушыларына математикалық білім берудегі, білік пен дағды қалыптастырудағы рөлі зор, сондықтан, оқыту үдерісіне қатысушылардың барлығы да қолдана алады.

·                   Компьютерлік технология бастауыш сыныптарда сабақтың кез келген кезеңінде жаңа материалды түсіндіру, оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, олардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру, тіпті қашықтан оқыту түрінде де қолдануға болады.

·                   Компьютермен жұмыс істеу өте қызықты. Үлгерімі нашар оқушылардың өзі компьютермен жұмыс істеуге қызығатын болады, өйткені кейбір жағдайда компьютер оның білмеген жерін көрсетіп, көмекке келеді. Балалардың білім сапасының жоғарылауына, олардың дара ерекшеліктерін ескеруге ықпал етеді.

 

Әдебиеттер

 

1.                  Қазақстан Республикасының «Бiлiм туралы» Заңы. – Астана, Ақорда, 2007.

2.                  Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, Ақорда, 2010.

3.                  Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Информатика және компьютерлік техника/ Жалпы редакциясын басқарған –А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002. – 456 бет.

4.                  Матрос Д.Ш., Полев Д.М., Мельникова Н.Н. Управление качеством образования на основе новых информационных технологий и образовательного мониторинга. – М., 2001. – 128 б. 

5.                  Оспанов Т.Қ., Морозова А.С., Астамбаева Ж.Қ. Математика. Электронды оқулық. – Алматы, «Атамұра», 2014.

 

Поступила в редакцию 22.01.2015 г.

2006-2019 © Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов.
Все материалы, размещенные на данном сайте, охраняются авторским правом. При использовании материалов сайта активная ссылка на первоисточник обязательна.